Қадірлі оқырмандар, өткенді ұмытуға болмайды!

Қазақтың спорт тарихында небір тамаша жеңістер болды. Сол жеңістер келешек ұрпаққа жетуі үшін хатқа түсуі керек. Осы мақсатпен сіздердің назарларыңызға  Темірхан Досмұхамбетовтың «Намыс сардары» атты кітабында баяндалған Қазбек Байболовтың өмірі мен жаттықтырушылық қызметі туралы әңгімені ұсынамыз.

ХХ ғасырдың екінші жартысында допты және көгалдағы хоккейден «Динамо» атты ғажап команданың болғанын, сол команданың тізгінін ұстаған екі алыптың бірі Қазбек Дәулетбекұлы екенін ел жанкүйерлері, қалың оқырман білуге тиіс, деп ойлаймыз.

 

 Допты және көгалдағы хоккейдің білгір маманы, әлемге әйгілі небір атақты хоккейшілерді баптаған, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қазбек Байболов (7.09.1933 ж. – 26.03.1994 ж.)

          ХХ ғасырдың екінші жартысында Алматыда Кеңес одағын ғана емес, бүкіл Еуропаны мойындатқан тамаша допты және көгалдағы хоккей командасы болды. Бұл команданы Одақтағы мықтылар қатарына қосуға екі адам басты себепкер болды. Бірі - әлемге әйгілі жаттықтырушы Эдуард Айрих болса, екіншісі - оның айнымас серігі, хоккейдің майталман ғалымы Қазбек Байболов еді. Бұл екі маманды бір-бірінен бөле жару қиын. Адамның екі көзі, екі қолы тіршілік үшін қандай қажет болса, «Динамо» командасы үшін Айрих пен Байболовтың орны сондай маңызды еді. Кезінде осы екі ұстаздан тәлім алған, қазір жер ортасынан асқан атақты хоккейшілер Айрих пен Байболовтың спорт тарихындағы орны  туралы әңгіме қозғала қалса,  «бұл екі кісі команданың жұлын-тұтасы болды», дейді. Иә, Эдуард Фердинандұлы команданың жалпы басшылығын мойнына алса, Қазбек Дәулетбекұлы бар жеңістің бастауы, ұстыны саналатын оқу-жаттығу жиынының негізгі жүйесін білгірлікпен атқара білді.

          Айрих пен Байболов 1964 жылдан 1978 жылға дейін бір командада тізе қосып еңбек етсе, допты хоккей мен көгалдағы хоккей командалары екіге бөлінген жетпіс сегізден бастап, Байболов «Динамо» допты хоккей ұжымының тізгінін ұстады. Оған дейін ол кісі жазда «Динамо» көгалдағы хоккей командасының, қыста «Динамо» допты хоккей клубының оқу-жаттығу жиынына жауап берді. Ал Айрихтың команданың ең жауапты шаруасына бүкіл Қазақстаннан Байболовты ғана таңдап, сенім артуы тегін емес еді. Айрихтың бойында адам тани  білетін ерекше қасиет болды.  Тағдырдың жазуымен екі тарихи тұлғаның жолы бір арнада тоғысты. Қазбек қазақ жөнімен Эдуардты аға деп, жұмыс бабымен басшы деп сыйлады. Алдынан кесіп өтпеді. Айрихтың жоғары спорттық білімі жоқ еді. Ал Байболов спорттың теориясы мен практикасын қатар меңгерген ғалым, әрі кезінде Қазақстанның намысын қорғаған мықты хоккейші болатын. Бірақ Айрих жаратылысынан дарынды, табанды, әрі темірдей тәртіптің адамы еді. Қасына ерген серігін тастамайтын, жігіттердің жағдайын жан-жақты, терең ойлайтын жаны жомарт адам болатын. Ол кісінің тұсында динамошылар ештеңеден таршылық көрген жоқ. Байболовтай сенімді әрі білімді серігі бар Айрих жігіттердің үй-жайын, жалақысын, басқа да қажеттерін реттеу үшін  аянып қалған жоқ. Кез келген істі бітіру үшін әрекет керек, уақыт қажет. Айрих  басшыларды жағалап жүргенде, Байболов команданы шашау шығармай шыңдап жатты. Қазақта «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген аталы сөз бар. Талайлар Кеңес одағы мен Еуропа құрлығы сан мәрте мойындаған қос бірдей тарихи тұлғаның ондаған жыл бір ұжымда қалай бірге қызмет істегеніне таң қалысқан екен. Кезінде «Динамо» командасының сапында ойнаған жігіттер: «екі ұстаз арасында қызмет бабына орай пікірталас туындайтын, бірақ екеуінің жұрттың көзінше қызылшеке болып тартысқанын көрген емеспіз», дейді. Бұл дегеніңіз Айрих пен Байболовтың бір-біріне деген терең сыйластығын, кісілігін, адалдығын білдірсе керек. Екеуі ел намысы үшін бір-бірін сақтай білді, тәкаппарлықтан аулақ болды. Бір жолы «Динамоның» ойыны жүрмей, республикалық спорт комитетінің басшысы алқалы жиын үстінде аға жаттықтырушы Айрихтың орнына Байболовты қоймақшы болады. Сонда Қазбек Дәулетбекұлы орнынан тұрып: «Бұдан ештеңе өзгермейді. Осыған дейін қалай жұмыс істедік, сол бағыттан айнымаймыз», деп кесімді сөзін айтады.

          «Динамодағы» шынайы сыйластық, ынтымақ талайларды тәнті етеді.  Айдаладағы Алматы  командасының күшті ойыны Мәскеудің көңіліне жақпайды. Орталықтың ығына жығылған төрешілер алматылықтарды талай рет қыспаққа алды, сан мәрте әділетсіздік жасады, жолын кесті.  Бірақ «Динамоның» сағын сындыра алмады. Айрих пен Байболовтың допты хоккей командасы 1977 жылы тұңғыш рет КСРО чемпионы болып, 1978 жылы Еуропа чемпиондарының кубогын жеңіп алды. Ал екі ұстаз баптаған   «Динамо» көгалдағы хоккей командасы Кеңес одағы чемпионаттарында бәйгенің алдын ешкімге берген жоқ. Алматылық клуб КСРО құрамасының базалық командасына айналды.

          «Біз үшін ұстаздарымыз туған әкеміздей болды, - дейді атақты хоккейші, білікті жаттықтырушы Борис Чехлыстов. - Айрих пен Байболов баптаған «Динамоны» КСРО құрамасына да айырбастаған жоқпын. Мені Одақ құрамасының оқу-жаттығуына үш рет шақырды. Бардым. «Мәскеудің «Динамосына» ауыссаң, әлем чемпионатына қатысасың. Әйтпесе...», деді мәскеулік жаттықтырушы мәселені қабырғасынан қойып. Мен бас тарттым. Содан әлем чемпионатына апармай қойды». Бұл - бір ғана спортшының басынан өткен жағдай. Одақ жаттықтырушылары «Динамоның» талай мықты ойыншысына «орталыққа ауыс» деп, қолқа салғандары анық. Бірақ, «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, динамошылар өз ұжымының намысын бәрінен жоғары қоя білді.

***

          Енді Қазбек Дәулетбекұлының спортшылық жолына тоқталайық. Байболов 1949 жылы 16 жасында  Петропавлдың оқушылар командасына алынады. Содан шыңдала келе осы қаланың «Пищевик», «Локомотив» командаларының белді ойыншысына айналады. Дарынды жасты 1956 жылы Алматының «Буревестнигі» шақырып, Қазбек республикадағы мықты ойыншылардың қатарында Кеңес одағының чемпионатына қатысады. Содан тасы өрге домалап, 1963 жылы Алматының «Динамо» командасының сол қапталдағы жартылай қорғаушысы ретінде КСРО-дағы белді ойыншылардың бірі болады. Қайратты жігіт команданың қимылына серпін қосып, алдыңғы шепте жүреді. Динамошылар оны команда капитаны сайлайды. Қазбек Байболов КСРО чемпионаттарында 183 рет мұз айдынына шығып, қарсы қақпаға 25 доп соқты.

          Қазбек Байболов – допты хоккейден 1959 жылғы Бүкілодақтық студенттер ойындарының жеңімпазы, 1966 жылғы КСРО чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.   Кеңес одағының спорт шебері.

          Қазбек Дәулетбекұлы допты хоккеймен қатар футболды да жақсы ойнады. Ол әуелі Петропавл қаласының құрамасына енсе, содан кейін Алматының «Урожай», кейін «Қайрат» командасына шақырылды. Әйтсе де, көңілі допты хоккейге біржола ауып, осы саланы таңдады. 1965-1967 жылдар аралығында «Динамоның» ойыншысы әрі жаттықтырушысы болса, 1967 жылы бапкерлік қызметке түбегейлі бет бұрды. 1968 жылы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтының футбол және хоккей кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Содан бастап «Динамо» жаттықтырушысы мен кафедра меңгерушісі қызметін табаны күректей 20 жыл қатар алып жүрді.

К. Суетнов, К. Байболов, Б. Казанцев, В. Алешин, В. Смирнов.

***

          Қазбек Байболовтың кафедра меңгерушісі қызметі де ізденіске толы болды. Ол кісі студенттердің оқуы мен практикалық жұмысын шебер ұштастыратын. Студенттер бірінші курстан бастап өздері таңдаған спорт түрінің жаттығуларын, сол жаттығулардың орындалу барысын, адам ағзасына түсіретін салмағын  және организмге әсерін жақсы білуге тиіс болды. Жаттығуды орындау  кезінде қателік кетсе,оны қалай түзеу керектігін студент өзі іздеп табуға міндетті еді. Үшінші курс студенттері курстастары алдында және орта мектептерде сабақ беретін. Оқу жоспары мемлекеттік стандартқа сай болуға тиіс. Сабақты жүргізу өз алдына, студенттер сабақты бастан аяқ жазып отыратын. Соңынан олар сабақты жабылып талдайтын.

          Қазбек Байболов мұнымен шектелмейтін. Шәкірттерін «Қайраттың», «Динамоның» ойындарына арнайы жіберіп, бір студентке шабуылшының, енді бір шәкіртіне қорғаушының, келесі студентке қақпашының... ойынын талдап келуді тапсыратын.  Шәкірттер алаңдағы футболшы не хоккейші ойын барысында қанша шақырым жүгірді,  спортшының қанша пасы далаға кетті, оның командаға тигізген пайдасы қаншалықты болды, қысқасы, әр студент өзіне тапсырылған ойыншының бәсеке барысындағы бар қимылын тізіп жазып, саралап, талдап қайтатын. Содан кейін студенттер өзі қадағалаған спортшының алаңдағы қимылы туралы көптің алдында есеп береді. Оның еңбегін  Қазбек Байболов бастаған ұстаздар ғана емес, курстас достары да бағалап, ойларын айтатын. Осындай талқылаулар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың өз кәсібін жете білуіне жол ашты. Қазбек Дәулетбекұлы жақсы жаттықтырушы болу үшін адам дұрыс әрі сауатты сөйлей білуі керек дегенді жиі айтатын.

          Ол кісі институтта оқитын ұлттық құрама мүшелеріне артықшылық жасамайтын. КСРО чемпионатында ойнайтын командалардың ойыншыларына арнайы тапсырма беретін. Олар Одақ чемпионаттарындағы қарсыластардың ойындарын талдап, сараптама жасайтын. Тапсырмаға атүсті қарайтын спортшыларға Байболов дауыс көтеріп, қадірін кетірмейтін. Емтихан мен есептен қысып, бағдарламадағы пәндерді оқуға мәжбүр ететін. Динамошыларға да тиянақты оқуды қатты тапсыратын. Өз командам деп оларға жеңілдік жасамайтын. Оқыңдар, ізденіңдер дейтін.

          Ол кісі кітапқа қатты құмар болыпты. Кейде көңілденгенде Абай, Пушкин, Лермонтовтардың өлеңдерінен үзінді оқиды екен. Сабаққа кірісер алдында студенттердің көңілін көтеру үшін он минуттай қызық әңгімелер, анекдот  айтып,  аудиторияны бір серпілтіп алады екен.. «Динамоның» сырттағы ойындарынан Алматыға оралған бетте шәкірттерін үйіне жинап, әңгіме-дүкен құратын әдетін әріптестері мен шәкірттері әлі күнге дейін айтып отырады. Серке Қожамқұлов, Камал Қармысов, Әзірбайжан Мәмбетов, ағайынды Мүсілім, Рашид Абдуллиндер, Асанәлі Әшімов сынды өнер саңлақтарымен аралас-құралас болған екен. Көңілі жақын адамдар жиналғанда ән салатын әдеті бар еді. Дауысы әдемі болыпты.

          Қазбек Байболов бірнеше қазақ жастарын Мәскеудегі Анатолий Тарасов мектебіне білім көтеруге жіберді. Жиырма жылда институт қабырғасында Қазақстан футболы мен хоккейінің небір саңлақтарына дәріс оқыды. Байболов басқарған кафедра Кеңес одағындағы 25 футбол-хоккей кафедрасының арасында алдыңғы қатарда болды. Ол кезде Одақ спортының жоғары деңгейде болғанын ескерсек, Қазбек Дәулетбекұлының ұжымы қандай дәрежеде жұмыс істегенін байыптау қиын емес.

          Ол кісінің бапкер ретіндегі басты артықшылығы жаттығуды алдағы ойынға лайықтап, соған сай өткізетін. Мысалы, кезекті қарсыластың алаңға шығатын негізгі ойыншыларын қағазға түсіріп алып, сол команданың әр шебіне талдау жасайды.  Қысқасы, «Динамоның» әр ойыншысы алдағы ойында қай ойыншыға қарсы ойнайтынын жақсы біледі. Мысалы, Байболовтың тапсырмасы бойынша алматылық қорғаушы қарсылас команданың өзіне бекітілген шабуылшысына қарсы арнайы дайындалады. Алматылық шабуылшы өзіне қарсы қай қорғаушының шығатынын алдын-ала біліп, соған сай тер төгеді. Яғни, «Динамоның» он бір ойыншысы қарсыластың он бір ойыншысының оңы мен солын, күшті һәм әлсіз жағын білуге тиіс.  Жаттығу үстінде осының бәрі әбден сарапталып, әр шептегі ойыншы алдағы ойынға дайын тұрады. Ойын қарсаңында Айрих пен Байболов жігіттердің басын қосып, тақта алдында алдағы бәсекеге әзірлікті қайта пысықтайды. Команданың техникалық-тактикалық,   дене күші және  психологиялық дайындығын үнемі шыңдап, жетілдіріп отыру Байболовтың негізгі ұстанымы еді. Динамошыларды қайрай түсу  үшін: «Сендер екі  таймға шыдайсыңдар, егер оның үстіне тағы екі тайм қосып жаттықсаңдар, ешкімді бет қаратпайтын боласыңдар», дейді екен. Жігіттер қалжыраған кезде әзіл-қалжың айтып, жұртты бір күлдіріп алады да,  жаттығуды қайта жалғайды, дейді оның қасында болған азаматтар. Оның әр жаттығуы творчестволық ізденіске толы болыпты. Жаттығулар бір-біріне ұқсамайтын. Байболовтың жаттығу процесін көруге Одақтың  мықты мамандары жиі келеді  екен. Бір жолы «Динамоның» жаттығуын зер салып бақылаған ресейлік белді маман  Қазбекке  «Сенің бүгінгі жаттығуың жан дүниені рахатқа бөлеген ғажап концерттен кем болған жоқ», депті. Ал Байболов командасының қалай тер төккеніне куә болған ресейлік әлем чемпиондары, аттары аңызға айналған хоккейшілер Валерий Маслов пен Евгений Папугин бірауыздан: «Алматының «Динамосының» мықты болуының   себебін енді түсіндік»,  дейді. Жаттығу процесінің сапасы жағынан Одақ құрамасының базалық командасы саналған Мәскеудің «Динамосы» алматылықтардың алдына түсе алмады, дейді допты хоккейдің білгір мамандары. Соның нәтижесінде «Динамо» қарсы қақпаға доп соғу жағынан Одақ бойынша алдыңғы қатарда болды. Кеңес одағы чемпионаттарында бір маусымда 181 доп соққан алматылықтардың рекордына ресейлік клубтардың ешқайсысы жете  алмады. Ал «Динамоның» сұрмергені Евгений Агуреев 1978-1979 жылғы маусымда қарсы қақпаға 74 гол енгізіп, КСРО рекордшысы атанды. Оның бұл рекордын Кеңес одағы тарқағанша ешкім бұза алған жоқ.

          Қазбек Байболовтың тұсында «Динамо» допты хоккей командасы 1 мәрте Одақ чемпионы болса, 6 рет күміс, 4 рет қола жүлдегер атанды. 1978 жылы алматылықтар Еуропа чемпиондарының кубогын жеңіп алды. 1978 жылға дейін Байболов «Динамо» көгалдағы хоккей командасының екінші жаттықтырушысы болғанын жоғарыда айттық. Көгалдағы хоккей командасының да жаттығу жұмысы негізінен Қазбек Дәулетбекұлының мойнында болды. Байболов екінші жаттықтырушы болған жылдары алматылықтар  КСРО чемпионаттарында бес рет топ жарды.

          Айрих-Байболов жұбын спорт мамандары КСРО шайбалы хоккейінің корифейлері Анатолий Тарасов пен Аркадий Чернышов жұбымен салыстырады. Тарасов пен Айрих темірдей тәртіпті ұстанған, сесті, қатал адамдар болса, Чернышов пен Байболов мінезге бай, ғылымға бейім мамандар еді. Бір ғажабы, аталған екі жұп өздері таңдаған салада тамаша табысқа жетті. Осы жерде баса мән беретін нәрсе, бұл бапкерлер спорт үшін ғылымның орны бөлек екенін терең ұғынды. Ақыл-ой алда жүрмесе, творчестволық ізденіс болмаса, үлкен жеңістің ауылы алыс екенін, іс-әрекеттің бәрі бекер кететінін олар  қапысыз ұқты.

          Айрих пен Байболовтың төл шәкірті Борис Чехлыстов бас жаттықтырушы болған Алматының «Динамо» допты хоккей командасы 1990 жылы КСРО чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Сол жеңіске де тарлан жаттықтырушы Қазбек Байболов өз үлесін қосты.

Кезінде   Қазақстан допты хоккейінің мақтанышына айналған майталман спортшыларымыз аз емес:

В. Бочков, Л. Лобачев, Г. Любченко, Ю. Варзин, Б. Чехлыстов, В. Панев, В. Горчаков, М. Жексенбеков, Е. Агуреев, А. Ионкин, Ф. Зигангиров, А. Маряшин, В. Панев... Тізе берсек, ұзап кетеміз.

Бір ғажабы, қос бапкердің өмірден озғанына жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, динамошылар ұстаздарын сондай бір сағынышпен, ыстық  ықыласпен еске алады. Тағдырдың жазуымен Қазақстаннан өзге елдерге қоныс аударған динамошылар Алматыға жолдары түскенде қос бапкердің зиратын арнайы зиярат етеді. Олар Айрих пен Байболовты бөле-жармай «біздің әкелеріміз» дейді. Осының өзі Айрих пен Байболовтың шәкірттері үшін қаншалықты қадірлі болғанын білдіреді. 

Поделиться статьей: