Сәлеметсіздер ме, құрметті оқырмандар!

Бұл күні - Ұлы қазақстандық жеңіл атлет  Амин Елемесұлы Тұяқовтың туған күні!!! Спорттық мансабының шыңында ол алты рет Кеңес Одағының чемпионы және он рет жүлдегер атанды. Ол үшін 1965 жыл есте қалар жыл болып қалады, себебі 200 метрге (20,6 сек) жүгіруде Кеңес Одағында рекорд жасаған болатын.

 Штутгарт қаласында 1965 жылы алғаш рет өткен 100 метрге жүгіруде Еуропа Кубогының иегері, жеңіл атлетика (эст. 4*100, 39,8 сек.) бойынша 1966 жылғы 8-ші Еуропа чемпионатының чемпионы (эст. 4*100, 39,8 сек.),  КСРО еңбек сіңірген спорт шебері (1965), Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1997) биылғы жылы өзінің 83 жасқа толған туған күнін атап өтеді!!!

Сондықтан, бүгін қадірменді спорт шеберін осындай атаулы күнімен құттықтайық!!!

Осыған орай назарларыңызға Темірхан Досмұхамбетовтің «Намыс сардары». кітабынан үзінді ұсынамыз

Әмин

Еуропа кубогының жеңімпазы, КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы Әмин Тұяқов туралы

ХХ ғасырдың 50-жылдарының соңы, 60-жылдарының басында қазақ спортшыларының даңқы қатты шықты. Бокста Шоқыр Бөлтекұлы, Мақсұт Омаров, Әбдісалан Нұрмахановтар, күресте Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айханов, Амангелді Ғабсаттаровтар, футболда Тимур Сегізбаев, жеңіл атлетикада Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқовтар өз жерінде 30 пайызға да жетпей, еңсесі түскен, тоталитарлық жүйенің тепкісін әбден көрген қазақ жұртының рухын көтерді, мәртебесін өсірді. Бұл мықтылардың қай-қайсысы да ұлт үшін ардақты, ел үшін сыйлы азаматтар. Себебі, жер-дүние спорт деген арғымақтың жалына жармасып, бес құрлықтың ұл-қыздары бәйге біткеннің өріне жаппай ат қойғанда осы саңлақтар сол аламан дүбірдің алдында жүрді. 1931-1932 жылдары алапат аштықтан қырылып, одан кейін сталиндік репрессияның қанды қырғынына ұшыраған, 1941-1945 жылдардағы жаһандық соғыста жүз мыңдаған ер-азаматынан айырылған қазақ үшін мұндай жеңістер ауадай қажет еді. Сол кездің ақжарқын, еңбекқор, қарапайым адамдары спорттағы саңлақтарының әрбір жеңісін асыға күтетін. Ол кезде қазіргідей ұшқыр интернет, жұмыр жердің әр қиырынан жылдам хабар алғызатын теледидар жоқ. Миллиондаған жанкүйер радио торабына құлақ түреді, ауыл-ауылға апталап жететін газеттерге үңіледі.

Сол тұстағы қазақ жанкүйерлері жоғарыдағы мықтылармен бірге Әмин Тұяқовты ерекше қадір тұтатын. Өзіміз бала кезімізде Әмин Тұяқов пен Ғұсман Қосановты ертегідегі желаяқтардай елестететінбіз. Осы екі ағамыздың дүркін-дүркін жеңістеріне шынайы қуанып, желпініп отыратынбыз. Осындай ағалардың жер-дүниені дүркіреткен табыстары біздің көкірегімізде спортқа деген қызығушылықты оятты. Намысымызды қайрады.  Сол сезіммен Алматыға аттандық. Әкеміз заң оқуына бар деп қанша тапсырса да, көңіліміз спортқа бұрды да тұрды. Тағдырдың жазуымен спортты таңдадық. Уақыт өте келе бала кезде бір көруді армандаған Әмин ағамен танысудың сәті түсті. Шашы толқынданған, орта бойлы, сымбатты келген азамат екен. Бір кезде жер-жаһанға аты шыққан аға қарапайым, бауырмал болып шықты. Тік мінезді, әділ. Көп спортшылардай біржақты емес, оқыған-тоқығаны мол, зиялы адам екен.

ҚР Туризм және спорт министірі Темірхан Досмухамбетов пен Әмин Тұяқов

 

Әмин Елемесұлы 1937 жылы дүниеге келді. Ата-бабалары Каспийдің жағасындағы Қаламқас, Қаражамбас деген жерлерді мекен етіпті. Әкесі Елемес Ақмышты мекендеген екен. Батыстағы Қаратау баурайындағы Шайыр ауылында дүниеге келген Әмин әуелі, республика көлемінде топ жарып, ауылының атын шығарып  жүрсе, келе-келе Кеңес одағын мойындатып, қазақтың мақтанышына айналды. Ағаның өмір жолына үңілсек, балалық шағы соғыстың өтіне, елдің әбден тарығып, қиналған кезіне дөп келіпті. Мектепке көрші ауылға – 7-8 шақырым жерге жаяу қатынап оқыпты. Соғыстан кейінгі кез. Салт ат, арба-шана колхоздың жұмысынан босамайды. Кешке кейде үйге жалғыз қайтады. Қараңғы түскенде қаршадай Әмин екі ауылдың арасында безілдеп жүгіреді екен. Айдалада өзінің аяқ дүбірінен шошынып, құлағын қос қолымен басып, жылаған күндері аз болмапты. «Үйден ала шыққан азық-түлігімізді жарты жолға көміп кетіп, қайтарда тауып алып, жүрек жалғаймыз»,– дейді Әмин Елемесұлы сол күндерді еске алып. Ол кісінің айтуынша, қысы-жазы екі ауылдың арасында құстай ұшқан күндері кейін спортшы болғанда пайдаға асыпты. Себебі, таза ауада жастайынан талмай жүгірген адамның тынысы кең, денесі шымыр, өзі төзімді болады.

Жазғы демалыста ауыл баласының қолы босамайды. Әмин аға да қатарластары тәрізді қозы бағыпты. Табиғатынан зерек бала бағымындағы 30 шақты қойдың қанша қозысы барын жатқа біліп, енелері мен қозыларын ен-таңбасыз-ақ ажыратады екен.

Әмин бірінші болып мәреге жетті.

Бала Әмин сабаққа да алымды болыпты. Әжесі Мақпалдың бауырында өскен ол кішкентайынан ауыз әдебиетіне жақын болған екен. Талай қисса-дастанды жатқа соғыпты. Атасы Тұяқпен бір анадан туған Мүлікбай мен әжесі Мақпал кішкентай Әминге «Қобыланды», «Едіге», «Ер Тарғын» жырларын оқытып, өздері сол тақырыпта әңгіме қозғайды екен. Аталары мен әжелерінен адамгершілік, ізгілік, батырлық туралы әңгіме естіп, халық ауыз әдебиетінен сусындап өскен Әмин ағамыздың есейген шағында әдебиет пен тарихқа қызығуы, өнер мен әдебиет өкілдерімен етене сыйласуы заңды құбылыс.

Осындай ортада өскен Әминді әкесі Елемес өзінің соғыстағы ескі жарасы мазалап, ауырғанына қарамай, жиған-тергенін қалтасына салып, оқуға жібереді. Әбекең 17 жасында Атырау педагогикалық институтының физика-математика факультетінің студенті атанады. Көп ұзамай Елемес әкенің денсаулығы түзеліп, Әминнің көңілі орнына түседі. Ол институтта жақсы оқиды. Үздік студенттерге берілетін 350 сомды тұрақты алып тұрады. Ол кезде 350 сом көп ақша. Бір тиынға шай ішесің, 20-30 тиынға  ыстық тамақ алуға болады. Орташа оқитындардың стипендиясы – 220 сом.

Институтта оқып жүргенде мамандығы дәрігер, өзі жеңіл атлетикадан разрядты спортшы Анжелика Михайловна Куликова Атырауға қызметке келеді. Келген бойда жүйріктер тобын құрып, ақысыз-пұлсыз жаттықтыра бастайды. Бірінші курстағы Әмин Тұяқов Куликованың қол астында жаттығуға кіріседі. 1954 жылы бозбала Әмин 100 метрге жүгіруде 12,3 секунд нәтижемен Атырау қаласының чемпионы атанады.

Куликованың шәкірттері 1956 жылы Алматыда өткен Қазақстанның бірінші спартакиадасында Атырау облысының намысын қорғайды. Сол сында 19 жастағы Әмин Тұяқов бесінші орынға ие болады. Бұл бәсекеде бір-екі ғана қазақ желаяғы жарыс жолына шығады. Осы спартакиадада көзге түскен спортшылардан Қазақстан құрамасы жасақталып, Мәскеудегі одақтық спартакиадаға әзірлікке кіріседі. Қазақ спортының басшысы Әбді Артықов «Құрамада қазақ жастарының болғаны дұрыс» деп, жеңіл атлеттер командасына Әминді қосады. Содан ұлттық құрама КСРО халықтарының спартакиадасы басталардан бір ай бұрын Мәскеуге аттанады. Мәскеудегі Сталин атындағы стадионда біздің желаяқтар жергілікті спортшылармен бірге жаттығуға кіріседі. Жеңіл атлетика командасындағы жалғыз қазақ – Әмин Тұяқов. Он бес одақтық республика мен Мәскеу, Ленинград (Санкт-Петербург) қалаларынан жиналған кілең мықтының жарысы Әминге қатты әсер етті. Тұяқов қосалқы құрамда болып, жарысқа қатыспаса да, небір әсерлі сәттерге куә болды. Күшті желаяқтарды көзімен көрді. Олармен бірге тер төкті. Көп спортшылармен таныс-біліс болды. Ел көріп, жер танып, ауылға мол әсермен оралды.

Содан жанкешті жаттығулар қайта жалғасты. Жеңіс жолы қашанда ауыр болған. Әминнің 100, 200 метрдегі нәтижелері екі жылға дейін табандап өспей қойды. 1958 жылы 100 метр қашықтыққа жарысуда бірінші разрядтың дәрежесіне  жеткен намысқой жігіт одан әрі де аянған жоқ. Аптасына  төрт-бес мәрте қара тер болып жаттығады. Ақыры, 1959 жылы маңдай тері ақталып, Қазақстан чемпионатында 100, 200, 400 метр қашықтықтарда алдына жан салмай, жеңімпаз атанды.

1959 жылдан бастап Куликова жаттығу жүйесіне өзгеріс енгізді. Бұрын желаяқтар қыста жабық ғимаратта жаттығу жасаса, енді дене қыздыру жаттығулары залда, ал жүгіру жаттығулары далада өтетін болды. Таза ауадағы кәсіби дайындық көп ұзамай өз нәтижесін берді. 1959 жылдың жазында Тұяқов 100 метрді алғаш рет 10,8, ал 200 метрді 21,8 секундта жүгіріп өтті.

1960 жылы Ресейде болған «Буревестник» ерікті спорт қоғамының одақтық біріншілігінде 100 метрді 10,4 секундта артқа тастаған Әмин Тұяқов «КСРО спорт шебері» атанумен қатар, жеңіс тұғырына көтерілді. 200 метрге жарыста да қазақ желаяғы алтын жүлдені ешкімге берген жоқ.

 

Рим олимпиада ойындарының(1960) күміс жүлдегері

Гусман Косанов пен Әмин Тұяқов

1961 жылы Ленинградта Кеңес одағының әскерилер чемпионатында 60 метрде топ жарған Әмин Тұяқов ЦСКА-ға қабылданды. КСРО құрамасының бас бапкері Гавриил Коробков Әминді Мәскеудегі ЦСКА-ның жатақханасына орналастырып, стипендия тағайындатты. КСРО-ның ұлттық құрамасында Тұяқов қысқа қашықтықтар бойынша жаттықтырушы, бір кездегі атақты желаяқ Борис Токаревтің басшылығымен жаттығуға кірісті. Борис Токарев  пен Әмин Тұяқов бірден тіл табысты. Осындай өтпелі шақта бапкер мен спортшының сыйластығы, әсіресе спортшы үшін аса маңызды. Көп спортшының осындай ауыспалы кезеңде жолы болмайды. Егер тәлімгер мен шәкірт бірін-бірі ұқпаса, істің нәтижелі болуы қиын.

Кеңес одағының кілең мықтыларымен бір құрамада болу, бірге жаттығу Тұяқовты шыңдай түсті. 1962 жылғы КСРО чемпионатында Әмин Тұяқов көптен армандаған биігіне жетті. Осы жылғы 13 тамызда қазақ желаяғы 200 метрді 21,1 секундта жүгіріп өтіп, тұңғыш рет КСРО чемпионы атанды.

1963 жылы сол жетістігін тағы қайталады. КСРО халықтарының спартакиадасында Әмин Елемесұлы 200 метрде алдына жан салған жоқ. 1962-1967 жылдар аралығында Әмин Тұяқов 200 метрге жарысуда әлемдегі ең таңдаулы жүйріктердің бірі болды. 1967 жылы ол КСРО халықтарының спартакиадасында осы қашықтықта екінші рет топ жарды. Әмин Тұяқовтың 1965 жылы 200 метрде жаңғыртқан КСРО рекорды (20,6 секунд) үш жыл бойы бұзылған жоқ. Тұяқовтың 100 метр қашықтықтағы ең үздік нәтижесі – 10,2 секунд, бұл көрсеткіш сол жылдардағы КСРО рекорды болатын. Әмин Елемесұлы 1965 жылы Алматыда болған Кеңес одағының чемпионатында осы нәтижемен КСРО рекордшысы Эдвин Озолиннің рекордын қайталады. Алматыдағы чемпионатта  ол 100 метрде күміс жүлдені жеңіп алды. Ал, 200 метрде КСРО чемпионатының алтын медалін кеудесіне тақты. Жалпы, Әмин Тұяқов 200 метрге жүгіруде КСРО-ның 5 дүркін чемпионы!

1965 жылы Киевте КСРО-АҚШ желаяқтарының бәсекесі өтті. Сол сында құрамында Эдвин Озолин, Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов, Николай Политико бар Кеңес одағының эстафеталық командасы 4х100 метрлік бәсекеде 1964 жылы Олимпиада чемпиондары атанған АҚШ желаяқтарынан озып кетті. Екінші кезекте жүгірген Әмин Тұяқов қарсыласын оқ бойы артқа тастап, Ғұсман Қосановқа таяқшаны бұрын берді. Яғни, екінші кезеңнен кейін КСРО құрамасы алға шықты. Қосанов  сол артықшылықты сақтап, Политикоға алдымен жетті. Политико көмбе сызығын қиғанда таблода 39,3 секунд нәтиже жарқырап тұр еді. Бұл – КСРО-ның жаңа рекорды болатын. Бұған дейін еш құрамадан  дәл бұлай ұтылмаған АҚШ жүйріктері жеңілгенін амалсыз мойындады. Шынында да, Олимпиада чемпиондарын тізе бүктіру КСРО  құрамасының әлемдегі мықты команданың бірі екеніне дәлел еді. Сол құрамада екі бірдей қазақ жүйрігінің болғаны ұлтымыздың спорттық тарихындағы ең бір жарқын беттердің бірі екені анық. Ол кезде КСРО мен АҚШ арасында қырғиқабақ жағдай өршіп тұрды. Кеңес желаяқтарының тамаша табысын жоғары бағалаған Одақ басшылары төрт  жүйрікке КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атағын берді. Мұндай атақтың Олимпиада және әлем чемпиондарына берілетінін ескерсек, Әмин, Ғұсман ағаларымыздың сол жеңісінің маңызын түсіну қиын емес.

Әмин Елемесұлы Кеңес одағында ғана топ жарып қойған жоқ. Еуропа кубогының жеңімпазы әрі бірнеше мәрте жүлдегері атанды. Бұл дегеніңіз қазіргі Еуропа чемпионы деген ұғымды білдіреді. Себебі, ол кезде Еуропа чемпионаты өтпейтін еді. Жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты 1970 жылдардың ортасына таман тұсау кесті.  Сондықтан, Тұяқовтың спорттық атақтарын айтқанда, Еуропа кубогы мен КСРО чемпионаттарындағы жүлделермен шектелеміз.

Әмин Тұяқов 1964 жылғы Токио олимпиадасына КСРО құрамасының сапында барды. Бірақ бас бапкер Бартенев Тұяқовты жарысқа қосқан жоқ. Сол жылы көктемде Киевте болған ірі бәсекеде 100, 200 метрде жеке-дара шыққан Әмин Тұяқовтың орнына Бартенев Токиода Борис Савчукты жарыс жолына шығарды. Мұның түп-төркіні бас бапкер мен спортшы арасындағы көзқарас қайшылығында, өзара келіспеушілікте жатыр. Өмірде мұндай жағдайлар болып тұрады.

Әмин Тұяқов ұзақ жылдар спорт мектептерінде жаттықтырушы, одан кейін Қазақстан ұлттық құрамасында бас бапкер болып қызмет атқарды. Еңбегі жеміссіз болған жоқ. Шәкірттері Олимпиада ойындары мен әлем, құрлық чемпионаттарында жүлде алды. Тұяқовтан тәлім алған мамандарды спорттың әр саласынан кездестіруге болады.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев дене шынықтыру мен спорт саласын үнемі назарда ұстап, қолдан келген көмегін жасап келеді. Ал біздің желаяқ жігіттердің ішінде Әминнің деңгейінде жүгіретін мықтылар болмай тұр. Тіпті қазіргідей ғылым мен техника өркендеген заманда спортшыларымыз Тұяқовтың өткен ғасырдың 60-жылдары көрсеткен нәтижелеріне жете алмай жүр. Әмин ағалар қазіргідей жетілген спорттық төсеніш үстінде жүгірген жоқ, қазіргідей керемет сапалы, аса ыңғайлы шиповка киген жоқ, асфальт үстінде немесе кәдімгі резіңке жолдарда қарапайым аяқкиіммен жарысып-ақ қазіргі ғылым мен техника өркендеген заманның жүйріктерінен кем соқпады. Әмин Тұяқов осыдан 45 жыл бұрынғы нәтижесімен биылғы Азия ойындарында 100 метрде бірінші, 200 метр қашықтықта екінші орынға ие болады екен. Ал біздің жүйріктер осы екі қашықтық бойынша Азияның мықтыларын ұта алмай жүр. Қазақ мұндайда заманынан озып туған дейді. Әмин Тұяқов – шынында да осындай бағаға лайық саңлақ.

Біз Тұяқов олжа салған сол бір жылдарды сағынышпен еске аламыз. Әлемнің небір мықтыларын жолда қалдырған Әмин Тұяқовтың есімі қазақ ұлтымен бірге жасайтын болады.

 

 

 

 

Поделиться статьей: